«Оқжетпес» премьер-лига ойынында «Жетісуды» жеңіп кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 19-турының алғашқы ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ойында Көкшетаудың «Оқжетпесі» Талдықорғанның «Жетісу» командасымен өзара шеберлік байқасты.
Биыл көкшетаулық клуб төменгі орындарда келеді. Олар әрбір ойында жеңіске жету жолын іздеп жүр. Сондықтан аталған ұжымның үш ұпай олжалауға бар күшін салатыны белгілі еді.
Кездесу барысында «Оқжетпес» сапынан Жасұлан Молдақараев 23-минутта есеп ашса, Дәурен Жұмат 60-минутта басымдықты арттырды.
Оған 77-минутта Мусса Бакайоко бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Оқжетпес» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті.
Ал «Атырау» мен «Каспий» кездесуін жалғыз гол шешті. Оны 20-минутта Евгений Козлов шешті.
Енді 13 тамызда «Қызылжар» (Петропавл) мен «Шахтер» (Қарағанды) ойнаса, «Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Ақсу» (Павлодар облысы) мен «Ақтөбе» кездеседі.
Аталған турдың 10 мамырда алдын ала өткізілген ойынында «Мақтарал» (Түркістан облысы) елордалық «Астанаға» 0:1 есебімен жол берген еді.