Ақтөбеге келген қоғамдық топ Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында өзге ұлт өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесті.
«Тәуелсіздік алған жылдары елімізде көптеген маңызды шешімдер қабылданып, тарихи оқиғалардың куәсі болдық. Менің ойымша, соның ең үлкені - жаңа Астана салу, екіншісі - латын әліпбиіне көшу. Бұл ұлттық кодтың жаңғыруын, жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бәрі жастарға қажет. Жастар латын әліпбиіндегі құнды ғылыми зерттеулерді оқиды, танымын кеңейтеді», - деді блогер, қоғам қайраткері Ғалым Байтұқ.
Қоғамдық топ мүшелері диграф, апостроф мәселесі әлі де талқыланатынын, латып әліпбиін қабылдау кезінде филолог, лингвистердің пікірі ескеріліп, ғалымдар жұмыс істейтінін жеткізді. Кездесу кезінде ардагерлер мен қоғам қайраткерлері латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын жеткізді.
«Біз - латын әліпбиінде сауат ашып, ата-әжемізге кітап оқып берген ұрпақпыз. Қазір бұл бастаманың көтерілгеніне, жаңа дәуірдің басталғанына қуанып жүрміз. Біз өз ата-бабамыз хат алмасқан, құжат жүргізген әліпбиге қайта оралдық»,- деді Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов.
Кездесу барысында ақтөбеліктер түсіндіру тобы жергілікті жерде де құрылуы керек деп ұсыныс айтты. Себебі, латын әліпбиіне көшудің ұлт үшін маңызы зор екенін кез келген қазақстандық сезініп, білуі тиіс.
«Латын әліпбиіне көшу - саяси шешім. Әр қазақ тарихи сәттің туғанын түсініп, қолдау білдіруі керек. Біз бірге барлық қиындық пен кедергіні жеңеміз, жаңа дәуірді бастаймыз. Кездесу кезінде аға ұрпаққа қиын болады деп жиі айтатын едім. Бірақ ел аралап жүріп, зейнеткерлердің де рухани жаңғыруға үлес қосуға дайын екенін көрдім. «Біз де үйренгіміз, тәуелсіздіктің символы болған тілді меңгеріп, немеремізбен бірге сабақ оқығымыз келеді» деп айтты. Қазақ елінің болашағына сенген адам, болашағын Қазақстанмен байланыстырған адам баласын қазақ мектебіне береді»,- деді саясаткер Әміржан Қосанов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қоғамдық топ Ақтөбедегі студенттермен де кездесті .