Латын графикасы бойынша жаңа әліпби әзірлеудің ғылыми негіздері зерттеліп жатыр - БҒМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет қаулысымен бекітілген 2015 жылға дейінгі «Қазақ жазуын жаңа ұлттық әліпбиге көшірудің ғылыми негіздерін кешенді зерттеу» бағдарламасы аясында латын графикасы бойынша жаңа әліпби әзірлеудің ғылыми бағыттары зерттелуде.

Бүгін Білім және ғылым министрлігінде өткен «Мәңгілік Елдің Мәңгілік тілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында вице-министр Есенғазы Иманғалиев осылай мәлім етті.

Бұдан бөлек, вице-министр баяндама барысында мемлекеттік тілді білуге міндетті мамандықтардың, лауазымдардың және кәсіптердің тізбе жобасы әзірленіп жатқанын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуде «ҚАЗТЕСТ» жүйесін республика ауқымында қолданысқа кеңінен енгізу де аса маңызды болып табылады. «Бұдан бөлек, қазақ тілінің Ұлттық корпусының тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылып, тиісті зерделеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы, Қазақстанның ұлттық білім беру және ғылым саласында мемлекеттік тілден оқушылардың білімін арттыру жұмыстары ұдайы жүргізіледі», - дейді Е. Иманғалиев.