Іле-Алатауы табиғи паркінің аумағындағы фототұзаққа сирек кездесетін жануарлар түсіп қалды

Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM - Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына орнатылған фототұзақтар арқылы сирек кездесетін жануарлар бейнетіркеуге алынды.

Бұл туралы табиғи парктің Instagram парақшасынан мәлім болды.

Онда Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында сүтқоректілердің 48 түрі мекендейтіні айтылған. Олардың алтауы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.

Жабайы табиғатты бақылау үшін орман алқаптарына орнатылған фототұзақтар келесі ерекше сәттерді тіркеді:

Қызыл кітапқа енген Тянь-Шань қоңыр аюының үш дарасы,
Түркістан сілеусіні,

марал,

сібір елігі.

Аталған бейнематериалдар жануарлардың табиғи ортадағы қозғалысын тіркеп, олардың тіршілік әрекетін бақылауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің биоалуантүрлілігін сақтау бағытында жүргізіліп жатқан маңызды ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.

Осыған дейін Көлсай көлдері ұлттық паркінде қызыл кітапқа енген қар барысы фототұзаққа түсіп қалғаны туралы жаздық.