Лифтіден қорқатын қария әкімдіктен баспана 9-қабаттан берілгеніне өкпелі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Тұрғын үй кезегінде тұрған Ақтөбе тұрғыны, зейнеткер Насуха Жұмағалиеваға биыл бір бөлмелі пәтер жалға берілді. Бірақ оның қуанышы су сепкендей басылған. Себебі баспана 9-қабатта орналасқан. Жоғары қабатқа көтеріле алмайтын, лифтіге мінуден қорқатын қария шенеуніктерге ренішін білдіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының тұрғыны Насуха Жұмағалиева Амангелді ауылында мектеп оқушыларына сабақ беріп, 35 жыл бойы еңбек етті. Шәкірттері филология, медицина саласында үздік атанып, жоғары оқу орындарында сабақ береді, білікті дәрігер. Физика пәнінің мұғалімі зейнетке шыққан соң, 1994 жылы Ақтөбе қаласына көшті. Үш баласы бар. Бәрі де пәтер жалдап тұрады, әлеуметтік жағдайы төмен. Қария 2006 жылы пәтер кезегіне тұрып, жыл сайын қалалық әкімдіктің хабарын алып тұрды.

Биыл қарияға әкімдіктен 1 бөлмелі пәтер берілген. 12 жыл бойы күткен баспананың 9-қабаттан берілгенін айтып, көмек те сұрап барған. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер ай сайын төлететін 4 мың теңгеде астам пәтерақысының түбіртегін қолына ұстатып жіберумен ғана шектеледі екен. Келісімшартқа қол қойылғанда пәтердің қабаты жазылмаған.

«Зейнетақыға қызымды, отбасымды бағып отырмын. Жылу, жарық, газдың ақшасын төлеймін. Қызым мен баласы - бөлмеде, өзім ас бөлмеде ұйықтаймын. Кейде тамағымыз болмай қалып, қайырымды жандар әкеліп береді. Өзіме қажетті дәрі-дәрмек алу үшін көпқабатты жатақхана мен үйдің ауласын жинаймын, сыпырамын. Қоқыс жинап, айына 5 мың теңге аламын»,- деді Насуха Жұмағалиева.  

Зейнеткер кез келген ұсынысты қабылдауға дайын. Тек жоғары қабатқа мініп, түсуі әлегінен құтқаруды сұрайды.

«Жаңасын, үлкенін бер деп ешкімге айтпаймын. Маған ескі үйлердің бірінен төменгі қабаттан 1 бөлме болса жарайды»,- дейді ол.

Ал әкімдік өкілі өңірде пәтер кезігінде тұрған адамдардың бәріне тек 9- қабаттан пәтер беріліп жатқанын жеткізді.  

«Биыл пәтер тек жоғары қабаттан берілді. Біз жоғары қабаттан пәтер берілетін кезде ұсыныс айтып, кезекте тұрған адамдар келісімін берді. Заң бойынша І-ІІ топ мүгедектеріне төменгі қабаттан беріледі. Ал лифт болса, келісім алмай жоғары қабаттан беріледі. Әрине, жасына қарай төменгі қабаттан пәтер беруге болатын еді, қазір тек жоғары қабатта болып тұр»,- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.

Ардагер-ұстаз Насуха Жұмағалиева атақты тарышы Шығанақ Берсиевтің ауылында туып-өсіп, соғыс аяқталған соң мектепке барды. Бүтін киім кимеген, тойып тамақ ішпеген Насуха Жұмағалиева ата-анасымен Шығанақ Берсиевтің ауылындағы мектепке арналған кірпіш құю жұмысына қатысады. Кейін Орал қаласындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, физика пәнінің мұғалімі атанды. Қазір де физиканың барлық заңдылықтары мен формаласын жатқа біледі. Мектеп оқушыларына есеп шығарып, көмектескенді жаны сүйеді. Зейнетке шыққан соң араб әліпбиін танып, арнайы сабақ алды.

«Қазір де физика пәнінің есебін шығарамын. Есте сақтау қабілетім жоғары, жаңылмай айта аламын. Кейде бар білгенімді айтып, үйреткім келіп тұрады. Бірақ жан-жағымда оны түсінетін, ұғатын адам жоқ. Ақылы оқыта алмаймын. Бұрын оқымаған баланы ҰБТ дайындай да алмаймын. Кейін білім алып келген жас мұғалімдерге де таңқаламын»,- деді ол.

Бүгінде зейнеткер таңсәріде тұрып, аула сыпырады, қоқыс жинайды. Түстен кейін пәтерінде отырады. Қартайған шағында көзі нашар көре бастаған. Бірақ әлі де болса жұмыстан қол үзгісі келмейді.