Лига кубогы: «Ақжайық» күтпеген жерден «Қызылжарды» ұтып кетті
ОРАЛ. KAZINFORM — Лига кубогының үшінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады.
Фото: Айбатыр Нұраш
Петропавлдықтар Премьер-лигада турнир кестесінде 10-орында келе жатса, бірінші лигада ойнап жүрген оралдықтардың жағдайы мәз емес-ті.
Биыл қаржы қиындығына тап болған «Ақжайық» Ақтөбедегі кездесуіне бара алмаса, одан кейін өз алаңында Астананың «SD Family» командасын 2:1 есебімен ұтқан еді. Сонда да бірінші лигада 14-орыннан жоғары көтеріле алмаған оралдық клуб бүгін «Қызылжарды» жеңіп кетті.
Фото: Айбатыр Нұраш
Бірінші таймда алаң иелерінен 13-минутта Шыңғыс Құбашев есеп ашты. Содан кейін қызылжарлық Ұлар Жақсыбаев 40-минутта өз қақпасына гол соғып алды. Тек 94-минутта қонақтар сапынан Сенин Себаи есепті қысқартты. Қорытынды есеп – 2:1, «Ақжайықтың» пайдасында.
Фото: Айбатыр Нұраш
Осылайша, лига кубогында «Ақжайық» үш ұпайға қол жеткізді.
Фото: Айбатыр Нұраш
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» ойыншыларының чемпионат матчына қатысудан бас тартқанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).