Лига кубогы: «Жетісу» мен «Каспий» өз алаңында жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Лига кубогы турнирі аясында талдықорғандық «Жетісу» мен елордалық «Астана», ақтаулық «Каспий» мен қарағандылық «Шахтер» командалары кездесті.  

Фото: Рixabay

Талдықорғандықтар тартысты ойында 2:1 есебімен жеңіске қол жеткізді. Григорий Бабаян жаттықтыратын «Астана» кейінгі кездесулерінде сүреңсіз ойынымен қарсыластарына ұпай үлестіріп жүр. Бұл жолы да Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын командаға есе жіберді. 

Ойындағы алғашқы голды 7-минутта елордалық команданың бұрынғы ойыншысы Серікжан Мужиков соқты. Араға 4 минут салып «Астана» сапынан Ннамди Аханону есепті теңестірді. Дегенмен 73-минутта талдықорғандық клубтың легионері Антон Шрамченко жеңісті голды салып, «Жетісу» Лига кубогы турнирінің келесі кезеңіне жолдама алды. 

Ал, екінші кездесудегі соғылған жалғыз гол ақтаулықтарға жеңіс әкелді. «Каспий» командасының сапынан ойынның 66 минутында Санат Жұмаханов қызыл қағаз алып, командасын қиын жағдайда қалдырды. Алайда ақтаулық клубтың футболшылары жеңісті сериясын жалғастыра білді. Матчтың 85 минутында Алмас Төлібай өз қақпасына абайсызда гол салып алып, алаң иелеріне жеңіс сыйлады. 

Еске сала кетейік, 25 мамырда футболдан Лига кубогы турнирі басталаған еді. Алғаш рет жалауын көтерген турнирде 16 команда 4 топта сынға түсіп, әрқайсысы 3 ойыннан өткізеді.