Оқиға шамамен 31 мың заңды тұлғаға әсер етті. Мамандар алаяқтық пен бопсалау қаупі артқанын ескертіп отыр.
Лихтенштейн – Швейцария мен Аустрия арасында орналасқан, халқы шамамен 41 мың адам болатын князьдік. Ел Еуропадағы ірі қаржы орталықтарының бірі саналады. Мұнда мыңдаған халықаралық компания, қор және траст тіркелген.
Киберқылмыскерлер компаниялар, қорлар мен трастардың нақты бенефициар иелері туралы мәліметтер сақталған құпия тізілімге (VwbP) қол жеткізген.
Үкімет басшысы Бригитте Хаас билік болған оқиғаға өкініш білдіріп, шабуылдың мән-жайын анықтау және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қалпына келтіру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.
Зардап шеккендердің қатарында Лихтенштейн азаматтарымен қатар Швейцария, Германия, Аустрия және өзге де елдердің азаматтары болуы мүмкін. Тізілімде олардың аты-жөні, туған күні, азаматтығы, тұрғылықты елі және компаниядағы немесе қордағы рөлі туралы мәліметтер сақталған.
Киберқауіпсіздік мамандары мұндай ақпараттың қылмыскерлер үшін аса құнды екенін айтады. Қолды болған жеке деректер алаяқтыққа, бопсалауға немесе ақша талап етуге пайдаланылуы мүмкін.
Әзірге шабуылды ұйымдастырғандардың кім екені анықталған жоқ. Сондай-ақ төлем талаптары түспеген және ұрланған ақпараттың даркнетте жарияланғаны туралы белгілер байқалмаған.
Мамандардың пікірінше, бұл оқиға Лихтенштейннің халықаралық беделіне елеулі нұқсан келтірді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жапонияда 46 мың аккаунтты өшірген 15 жастағы жасөспірім күдікті ретінде қамауға алынғанын жаздық.