Лицензиялық турнир: Махмуд Сабырхан ширек финалға жолдама алды

Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Махмуд Сабырхан ширек финалға жолдама алды. 

Қазақстандық боксшы 1/8 финалда Пуэрто-Рикодан келген Хосе Калеб Паган Тирадомен қолғап түйістірді. 

Бірінші раундта Махмуд жинақы қимылдап, қарсыласына соққы дарыта білді.

Нәтижесінде төрт төреші Махмудтың басым түскеніне қолдау білдірсе, біреуі қарсыласының жеңгенін айтты.

Екінші раундта төрешілер 3:2 есебімен қарсыласының жеңгеніне шешім шығарды.

Үшінші кезеңде Махмудтың шапшаңдығы байқалды. Қарсыласына көп соққы жасап үлгерді. 

Осылайша жалпы нәтижеде қазақстандық боксшы қарсыласын тізе бүктіріп, ширек финалға жолдама алды.

Енді ол алдағы жекпе-жегінде жеңіске жетсе, Париж Олимпиадасы жолдамасына қол жеткізеді.

Махмуд Сабырхан 2001 жылы дүниеге келген. Ол бұған дейін әлем чемпионатында 2021 жылы күміс, 2023 жылы алтын медаль алды.

Сондай-ақ, 2022 жылы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды.

Енді ел құрамасынан Асланбек Шымбергенов (71 келі) түрікменстандық Байрамдұрды Нұрмұхамедовпен шаршы алаңға шығады.

Еске салсақ, қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова (50 келі) келесі кезеңге өтті. 

Сондай-ақ, Cәкен Бибосынов (51 келі) Бахрейн атынан сынға түскен қазақ боксшысын жеңді.

Ел құрамасынан Нұрбек Оралбай (80 келі) ширек финалға шықты.