Лицензиялық турнир: Төрт балуанымыз жолдамаға таласады

Фото: Күрес түрлері федерациясы

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық турнирде грек-рим күресінен төрт балуанымыз жартылай финалға шығып, Париж олимпиадасының жолдамасына таласу мүмкіндігіне ие болды.

60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали ширек финалда Тәжікстан өкілі Асламджон Азизовтан 2:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықса, 67 келідегі Мейіржан Шермаханбет ширек финалда Өзбекстан спортшысы Аброр Атабаевты 6:3 есебімен жеңді.

Ал 77 келі салмақтағы ұлттық құраманың тәжірибелі балуаны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев 1/4 финалда Түркіменстан спортшысы Базаргелді Езимовты айқын басымдылықпен ұтып, қарсыласын жарыс жолынан тайдырды. 

Сонымен қатар, аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов ширек финалда Түркіменстан спортшысы Айбекшазада Курраевты 9:0 есебімен ұтты.

Осылайша лицензиялық турнирге аттанған бес балуанымыздың төртеуі жартылай финалға шығып, Олимпиада жолдамасына бір қадам жақындады.

Өкінішке қарай, 97 келі салмақтағы Олжас Сырлыбай алғашқы айналымда Жапония спортшысы Юри Наказатадан 1:2 есебімен есе жіберіп, жарысты ерте аяқтады.

Аталған турнирде грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының 12 жолдамасы сарапқа салынып жатыр. Жолдаманы тек, финалға шыққан балуандар қанжығасына байлайды.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан қоржынына академиялық ескек есуден Париж Олимпиадасының тағы бір жолдамасы түскенін жазған болатынбыз. Оны Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында өтіп жатқан Азия құрлығының лицензиялық жарысында Владислав Яковлев жекелей сында жеңіп алды.