АСТАНА. KAZINFORM — Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирін 29 мамырда қазақстандық үш боксшы шаршы алаңға шығады.
Ел құрамасынан рингке бірінші болып Наталья Богданова (66 келі) жекпе-жекке шығады.
Ол алғашқы жекпе-жегінде сағат 11:45–те сербиялық Кристина Кулуховамен шеберлік байқасады.
Ал 16:45–те Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Анкушита Бороен кездеседі.
Ол бұдан бұрын германиялық Фелиситас Мария Ганглбайерден басым түскен еді.
Ал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63.5 келі) италиялық Джанлуилджи Малангамен рингке шығады.
Қазірге дейін Мұхаммедсабыр екі жекпе-жегінде филиппиндік Кристиан Питт Лорентті, түркиялық Мизан Айколды тізе бүктірді.
Сондай-ақ, лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жектерінде Назым Қызайбай (50 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жеңіске жетті.
Ал Ұлжан Сәрсенбек (54 келі) АҚШ спортшысы Шэра Мэй Патрициоға есе жіберді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.