Жұма күні Литваның Бас прокуратурасы таралған мәліметтердің басым бөлігі жылжымайтын мүлік пен заңды тұлғалар реестрлеріне қатысты екенін хабарлады. Деректерге осы ақпаратпен жұмыс істеуге рұқсаты бар мекемелердің аккаунттары арқылы қол жеткізілген.
Дүйсенбі күні оқиға әшкереленгеннен кейін мемлекеттік «Тіркеу орталығы» кәсіпорнының басшысы Адриюс Юсас қызметінен кетті.
Прокурорлардың айтуынша, билік дереу қосымша киберқауіпсіздік шараларын енгізген. Атап айтқанда, күмән тудырған пайдаланушылардың аккаунттары бұғатталып, қолжетімділік шектелген және оларға кіру деректерін жаңарту міндеттелген. Прокуратура бұл оқиғаға шетелдік мемлекеттің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда билік нақты қай мемлекет туралы сөз болып отырғанын айтпады.
Кащюнас қаскөйлер арнайы қызмет өкілдерінің, әскери қызметкерлердің, дипломаттар мен саясаткерлердің мекенжайларына қол жеткізуі мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, бұл кейіннен оларды бақылауға немесе қысым көрсетуге пайдаланылуы ықтимал.
Литва халқы бұл мәселеге ерекше сақтықпен қарап отыр. Себебі ел Еуропаға қарсы жүргізіліп жатқан гибридтік соғыстың негізгі нысандарының бірі саналады. Оған саботаж, өрт қою, вандализм, ықпал ету операциялары, цифрлық инфрақұрылым мен мемлекеттік жүйелерге жасалатын шабуылдар кіреді.
Соңғы уақытта ел аумағында дрондардың пайда болғаны туралы хабарламалар да жиілеген. Өткен сәрсенбі күні Беларусьпен шекара маңында дрондардың белсенділігі байқалғаннан кейін ел астанасы Вильнюс тұрғындарына жасырыну туралы нұсқау берілген.
Оқиғадан кейін Euronews-ке берген сұхбатында Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас:
– Бұл – Балтық елдері бетпе-бет келіп отырған жаңа шындық. Біз бейімделуіміз керек, өйткені мұндай сценарийлердің қайталану ықтималдығы өте жоғары, – деді.
Сейсенбі күні Вильнюске Урсула фон дер Ляйен келеді. Ол Балтық елдерінің көшбасшыларымен кездесіп, жиілеп бара жатқан дрон шабуылдарына жауапты үйлестіру мәселесін талқылайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Литва 200 литрден артық жанармайы бар жүк көліктерін кіргізбей жатқанын жаздық.