Ол әріптестерімен бірге бес сайлау учаскесіне барып, ондағы тыныш ахуалды, дауыс берудің қолжетімділігін және азаматтардың еркін таңдау жасауына кедергі болмағанын атап өтті.
Дипломаттың айтуынша, өзі барған сайлау учаскелерінде дауыс берушілерге барлық қажетті жағдай жасалған, ал дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр.
— Әріптестеріммен бірге бес сайлау учаскесіне бардық. Жалпы, барлығы жақсы деп айтар едім. Маған ондағы ахуал ұнады. Адамдар келіп, өз таңдауын жасауға барлық мүмкіндігі бар, — деді Саруне Кубилиуте.
Халықаралық байқаушы сайлау процесінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болуына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, сайлау учаскелерінде көру және есту қабілеті бұзылған азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған.
— Көзі көрмейтін және құлағы естімейтін адамдардың да дауыс беруіне барлық мүмкіндік жасалғаны мені таңғалдырды. Бұл өте маңызды, — деп атап өтті ол.
Инклюзивті тәсіл туралы сұраққа жауап берген Бас консул дауыс беруге тең қолжетімділік халықаралық сайлау стандарттарының маңызды талаптарының бірі екенін айтты.
— Инклюзивті қолжетімділік әрдайым сайлаудың жоғары стандарттарының бірі саналады. Себебі барлық адамға бірдей жағдай жасалуы керек. Мен сіздерде мұның бәрі бар екенін көріп отырмын, бұл құптарлық, — деді Саруне Кубилиуте.
Ол сайлау учаскелеріне барған кезде дауыс берушілер үшін қандай да бір шектеу немесе кедергі байқамағанын да айтты. Оның сөзінше, азаматтар сайлауға еркін келіп, өз таңдауын жасай алған.
Дипломат сайлауды халықаралық деңгейде бақылау тәжірибесі бар екенін атап өтті. Бұған дейін ол Молдова, Грузия және Әзербайжандағы сайлауларға халықаралық байқаушы ретінде қатысқан.
— Мен сайлауды бірінші рет бақылап отырған жоқпын, халықаралық тәжірибем бар. Әзірге көргендерім көңілімнен шықты, — деді ол.
Саруне Кубилиуте Қазақстанның демократиялық дамуы ел азаматтары үшін ғана емес, халықаралық ынтымақтастық үшін де маңызды екенін атап өтті.
Осыған дейін Халықаралық байқаушы, М. Бойм атындағы Азия және жаһандық зерттеулер институты кеңесінің мүшесі, Орталық Азия бойынша сарапшы Ежи Оледзкий Қазақстандағы Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру деңгейі мен оның ашықтығын атап өтті.