Ливанда «Хезболла» туннелі жарылғаннан кейін жер асты дүмпулері тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Ливанның оңтүстігінде Израиль әскери операциясы жүріп жатқан аумақта болған қуатты жарылыстарды сейсмологиялық қызметтер тіркеді, деп хабарлайды Таяу Шығыстағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: БелТА

Бейсенбі күні Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі стратегиялық Али-ат-Тахер жотасының астында орналасқан «Хезболла» қозғалысының жерасты құрылыстар желісін жарды.

Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Қорғаныс министрі Исраэль Кацтың бірлескен мәлімдемесінде айтылған.

Израиль тарапының мәліметінше, туннельдерді жою жотаның жер үсті және жерасты бөліктеріне жедел бақылау орнатуға мүмкіндік берген.

Израиль армиясының өкілі AFP агенттігіне жотада әрекет еткен «Хезболла» жасақтарының бір бөлігі позицияларын тастап кеткенін, ал қалғандары әуе және артиллериялық соққылардан жойылғанын мәлімдеді.

Ливанның NNA агенттігі Набатия провинциясындағы Али-ат-Тахер жотасы маңында қуатты жарылыс болғанын хабарлады. Жарылыс жер асты дүмпуі мен қатты гүрілмен қатар жүрген.

АҚШ Геологиялық қызметі бұл аумақта магнитудасы 4,1 болатын сейсмикалық құбылысты тіркеді. Алайда қызмет мәлімдемесінде оның туннельдердің жарылуынан болған-болмағаны нақтыланбаған.

Алдыңғы аптада Израиль Али-ат-Тахер жотасын бақылауына алғанын мәлімдеген. AFP агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың арағайындығымен өткен келіссөздер кезінде Вашингтон бұл аумақты Ливан армиясының бақылауына беруді ұсынған. Алайда «Хезболла» бұл шартты қабылдаудан бас тартқан.

Израиль шекарасынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан Али аль-Тахер жотасы Израиль мен «Хезболла» арасындағы соғыс кезіндегі ең даулы аумақтардың біріне айналды.

Reuters агенттігі шілдеде сілтеме жасаған Ливан қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздердің мәліметінше, «Хезболла» бұл жерде жерасты басқару орталығы мен қару-жарақ қоймаларын салған деп есептеледі.

Кейінгі күндері Ливанның оңтүстігіне жасалған соққылардың қарқыны күшейді. Ливан билігінің мәліметінше, наурыз айынан бері Израиль шабуылдарынан 4,3 мыңнан астам адам қаза тапқан. Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде өзі құрған қауіпсіздік аймағын бақылауын жалғастырып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Ливан мен Израиль Римде тікелей келіссөздердің жетінші кезеңін бастағанын хабарлаған едік.