Ливанның оңтүстігінде индонезиялық БҰҰ бейбітшілік миссиясының әскері қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Ливанның оңтүстігінде БҰҰ уақытша күштері (UNIFIL) құрамындағы индонезиялық бейбітшілік миссиясының әскері мина жарылысы салдарынан қаза тапты. Бұл оқиға Адчит аль-Кусейр ауданында, бейбітшілік миссиясының орналасқан жеріне жақын жерде болған.
Фото: UNIFIL
UNIFIL мәліметінше, оқ-дәрі қайдан шыққаны әлі анықталған жоқ, тергеу басталған. Сонымен қатар, бір бейбітшілік қызметкері ауыр жарақат алған.
Индонезия билігі әскері артиллериялық оқтың жанама әсерінен қаза тапқанын растады. Тағы үш индонезиялық бейбітшілік қызметкері жарақат алған.
Джакарта өкілдері сондай-ақ UNIFIL командованиясымен бірге қаза тапқанның денесін елге қайтару және зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Индонезия болған жағдайға наразылық білдіріп, оқиғаны мұқият тергеуге шақырды, бейбітшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш барлық тараптарды халықаралық құқық нормаларын сақтауға және БҰҰ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.
Бұл оқиға Ливанның оңтүстігіндегі қақтығыстар күшейген тұста болды. Израиль әскері мен «Хезболла» қозғалысы арасындағы қақтығыстар шиеленісіп отыр. UNIFIL мәліметінше, наурыз айынан бері миссияның позициялары бірнеше рет атқыланған.
Ал 7 наурызда шекаралас аймақта болған атыс кезінде Гана бейбітшілік қызметкерлері жарақат алған.
БҰҰ дерегі бойынша, наурыз айынан бері Ливандағы қақтығыстар мен әуе соққылары салдарынан 1,2 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде шекарадан 30 шақырым тереңдікке дейін буферлік аймақ құру мақсатында операция жүргізіп жатыр. БАҚ хабарламалары бойынша, әскерлер Тир қаласының оңтүстігіне және жағалаудағы тас жол бойына дейін ілгері жылжыған.
Сонымен қатар, Бейруттың оңтүстік маңдарына соққылар түсіп, қақтығыстың әрі қарай шиеленісу қаупі мен гуманитарлық салдарларға алаңдаушылықты арттырып отыр.
Айта кетейік, БҰҰ Бас хатшысы Ливандағы бітімгершілік күштерінің жаралануын айыптады.
Қазіргі уақытта UNIFIL құрамында 47 елден 8203 бітімгер бар, оның ішінде үш қазақстандық қатысып жатыр.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Л.Н. Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің магистрі. "Ақпарат саласының үздігі" салалық төсбелгі иегері (2018 ж.)