АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди мемлекеттік сапармен келді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сапар аясында жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізіліп, екіжақты ынтымақтастықтың даму перспективалары талқыланбақ.
Айта кетсек, тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго президентінің арнаулы өкілі Патрик Мпойи Луабеяны қабылдаған болатын. Кездесу барысында Конго Демократиялық Республикасы Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарына дайындық мәселелері сөз болды.
Ал маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс-Антуан Чисекеди Чиломбоны Конго Демократиялық Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бүгінде Конго өзінің іргетасын нығайтуда, азаматтарының ырыс-берекесін еселеуде, сондай-ақ халықаралық сахнадағы мерейін үстем етуде қомақты жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын атап өтіп, биік белестерге жете беруге тілектестік білдірді.
Гүлнұр Ғазизқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің түлегі. Еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Сақшы» газеттерінен бастаған. «Дала мен Қала» республикалық қоғамдық-саяси апталығында тілші, жауапты хатшы болып істеді. «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының тілшісі, «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі, Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары – бас редакторы болды.
Ақпарат саласының үздігі.
«ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылғы 1 сәуірден бастап істейді. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі басқарушы директорының орынбасары – қазақ редакциясының бас редакторы.