Нидерландтық маман өткен жылы «Ливерпульді» Англия чемпионы атандырып, клуб тарихындағы 20-шы чемпиондық титулды жеңіп алған еді. Алайда биылғы маусым команда үшін сәтсіз өтті. Маусым соңында ғана клуб Премьер-лигада бесінші орынға тұрақтады.
Швециялық шабуылшы Александр Исактың рекордтық трансфері секілді ірі сатып алуларға қарамастан, команда чемпиондық деңгейдегі ойын көрсете алмады. Бұған Исактың жарақаты, құрамның жаңаруы және көшбасшы шабуылшы Мохамед Салахтың ойын деңгейінің төмендеуі әсер еткен.
Клуб басшылығы Арне Слоттың қызметтен кетуі оңай шешім болмағанын атап өтті.
— Арненің «Ливерпульге» қосқан үлесі зор болды. Ол клубқа айтарлықтай табыс әкелді. Дегенмен команданың алға жылжуы үшін өзгеріс қажет деген қорытындыға келдік, — делінген клуб мәлімдемесінде.
Арне Слот «Ливерпульді» 2024 жылы тізгіндеп, көп жыл бойы команданы басқарған Юрген Клоптың орнын басқан болатын.
Сондай-ақ клубтың тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі саналатын Мохамед Салах та осы жазда командадан кетеді. Бұған дейін ол Арне Слоттың жұмыс стилін сынға алып, «Ливерпуль» қарсыластары қорқатын шабуылдағы қарқынды ойынына қайта оралуы керек екенін айтқан еді.
Осыдан бұрын Чемпиондар лигасында «Ливерпуль» сырт алаңда «Галатасарайға» есе жібергені белгілі болды.