Лондон соты елінен қашып жүрген қытайлық «криптожұлдызды» 12 жылға соттады

Фото: Metropolitan Police

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания соты Қытай азаматтарының ақшасын ұрлап, оны биткойнға айналдырған 47 жастағы Цянь Чжиминді 11 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ВВС.

Тергеу дерегінше, ол Қытайдан қашып, Лондонның Хэмпстед ауданындағы қымбат үйге қоныстанған. Бір жылдан кейін полиция оның үйінен әлемдегі ең ірі криптовалюта тәркілеулерінің бірін жүргізді.

Цянь Чжимин құрған компания 100 мыңнан астам қытайлық инвесторды «денсаулыққа арналған жоғары технологиялық өнімдер мен криптомайнинг жобаларына инвестиция салуға» шақырған. Алайда шын мәнінде, ол олардың қаражатын иемденіп, криптовалюта сатып алған.

2017 жылы Қытайда тергеу басталған соң, ол жалған төлқұжатпен Ұлыбританияға кіріп, айына 17 мың фунт тұратын үйді жалдап тұрған.

Қазір тәркіленген биткойндардың жалпы құны 5 миллиард фунтқа жуық. Алданған инвесторлар Ұлыбритания билігінен ақшаларының бір бөлігін қайтаратынына үміттеніп отыр.

Талап етілмеген қаржы әдетте Ұлыбритания үкіметінің меншігіне өтеді. Сондықтан кейбіреулер британиялық қазынашылық бұл «олжадан» пайда көруі мүмкін екенін айтып отыр.

Еске сала кетсек, Трамп криптовалюта биржасының негізін қалаушыға кешірім бергенін жаздық.