Лондон турнирі: Елена Рыбакина жартылай финалдан тыс қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.

Фото: ҰОК

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде 73-орындағы ұлыбританиялық Кэти Бултермен бетпе-бет келді.

Бейсенбі күнгі ойындар кейінге қалдырылғандықтан, 12 маусымда теннисшілерге екі матч өткізуіне тура келді. К.Бултер екінші айналымда румыниялық Жаклин Кристианмен бәсекесі 1 сағаттан астам уақытқа созылды. Ал Е.Рыбакина германиялық Татьяна Мариямен кездесуге 2 сағат 9 минутын жұмсады.

Сондықтан біршама тың көрінген К.Бултер бірінші партияда есеп 5:5 болған мезетте брейк жасай білді – 7:5.

Екінші сетте Елена 3:1 есебімен алға кетті. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда Рыбакина өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады – 4:6.

Екі сағат 38 минутқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 9 эйспен бірге 14 брейк-пойнттың тек екеуін өз есебіне жазды. Бултер 2 эйс, 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

К.Бултер финалға шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 106-сатыдағы чехиялық Каролина Плишкованы ұтты – 6:4, 4:6, 6:3.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина да Лондонда жартылай финалдан тыс қалды.

Сербиялық Александра Круничпен доданың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина ширек финалда ұлыбританиялық Оливия Николлс – словакиялық Тереза Михаликоваға жол берді – 4:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан волейболдан Елена Рыбакинаның Лондон турнирінде өткен жылғы чемпионды жеңгенін жазған едік.