Лондонда 100 мыңнан астам адам заңсыз миграцияға қарсы наразылық шеруіне шықты

Фото: Синьхуа

ЛОНДОН. KAZINFORM — Сенбі күні Лондонның орталығында шамамен 100 мыңнан астам адам қатысқан заңсыз миграцияға қарсы наразылық шеруі өтті. Бұл шараны оңшыл радикал белсенді Стивен Яксли-Леннон (көпшілікке Томми Робинсон атымен танымал) ұйымдастырды, деп жазды Синьхуа.

«Біріккен корольдікті біріктірейік» ұранымен өткен шеруге байланысты полицияның қатаң бақылауы күшейтілді. Наразылық барысында  өзара және полициямен арада қақтығыстар болды, нәтижесінде бірнеше адам қамауға алынды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бұл шерудің ауқымы соңғы ондаған жылдағы Ұлыбританиядағы ең ірі ультраоңшыл наразылықтардың бірі болуы мүмкін.

Ұлыбритания үкіметі заңсыз миграция мәселесіндегі саясаты үшін қоғам тарапынан өсіп келе жатқан қысымға тап болып отыр. Өткен демалыс күндері 1000-нан астам мигрант Ла-Маншты шағын қайықтармен кесіп өткен, осылайша 2025 жылы елге келген заңсыз мигранттар саны 30 мыңнан асып түсті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Лондон полициясы телефон ұрыларын ұстағанын жазған едік.