LRT іске қосылғаннан кейін Астанада жылжымайтын мүлік бағасы өсе ме

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада LRT іске қосылғаннан кейін станциялар маңындағы жылжымайтын мүлік бағасы өсуі мүмкін. Бұл туралы City Transportation Systems басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Дүйсебаевтың айтуынша, LRT желілері салынған аймақтарда жылжымайтын мүлік бағасының өсуі әлемдік тәжірибеде жиі кездеседі.

— Бұл — экономиканың заңы. LRT немесе метро бар жерде жылжымайтын мүлік қымбаттайды. Мысалы, Қытайда бір компания далаға LRT салып, кейін соның маңындағы жер телімдерін сатып, табыс тауып отыр, — деді ол.

Сонымен қатар ол жеңіл рельсті көліктің іске қосылуы Астананың іскерлік және туристік тартымдылығына да оң әсер ететінін айтты.

— LRT арқылы қаланың әдемі көрінісі ашылады. Бұл елорданың ғана емес, Қазақстанның да имиджіне оң ықпал етеді. Қазақстанда осындай жобаның жүзеге асып, іске қосылып жатқанына мақтана аламыз деп ойлаймын, — деді Асылбек Дүйсебаев.

Айта кетейік, 12 мамыр күні LRT вагондары журналистерге таныстырылды. Ал жолаушылар үшін желіні 16–17 мамырда ашу жоспарланып отыр.