Әкімнің айтуынша, LRT желісін қаланың ішіне дейін тарту жоспарланбаған.
Оның түсіндіруінше, бұған инженерлік инфрақұрылымның ерекшелігі себеп болған.
— Қала аумағында инженерлік желілер өте көп әрі бір-біріне тым жақын орналасқан. Сондықтан LRT желісін қаланың іші арқылы жүргізу мүмкін болмады, — деді Азамат Қапышев.
Әкімнің сөзінше, LRT желісінің соңғы станциясы Қосшы қаласының кіреберісінде орналасады.
— LRT станциясы «Қосшы» деген жазуы бар стеланың маңында, яғни қалаға кіреберісте орналасады. Полиция бекеті мен қалаға бұрылатын жолдың тұсы. Соңғы аялдама дәл сол жерде болады, — деді қала әкімі.
Айта кетейік, Астанада Қосшы мен оң жағалауға арналған екі деңгейлі LRT станциясы салынады.
Оған қоса, Астанадан Қосшыға дейінгі LRT желісінің құрылысы 2027 жылы аяқталатынын жазғанбыз.