Lufthansa ұшақ отынының қымбаттауына байланысты 20 мың рейсті тоқтатады

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның ұлттық әуе тасымалдаушысы Lufthansa Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан туындаған энергетикалық дағдарыс аясында 2026 жылдың маусым-қазан айлары аралығында шамамен 20 мың рейсті тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Lufthansa

Әуе компаниясының мәліметінше, рейстерді қысқарту жолаушылар легін1 пайызға азайтады. Алайда жазғы кестені ауқымды түрде қысқарту арқылы шамамен 40 мың метрикалық тонна отынды үнемдеу көзделген.

Компанияның баспасөз хабарламасында бұл өзгерістер табыс әкелмейтін қысқа қашықтықтағы рейстер санын азайтуға бағытталғаны айтылған.

Жоспарланған еуропалық желіні шоғырландыру Lufthansa Group-тың алты хабында жүзеге асырылады. Олар – Франкфурт-на-Майне, Мюнхен, Цюрих, Вена, Брюссель және Рим қалалары.

Осылайша жолаушылар, әсіресе алыс бағыттарға ұшатын транзиттік рейстер арқылы, жаһандық маршруттық желіге қолжетімділікті сақтап қалады.

Бұған дейін Lufthansa компаниясындағы ереуіл Германия бойынша көптеген рейстің тоқтатылуына себеп болған еді.

Ал Халықаралық энергетикалық агенттіктің басшысы Еуропадағы авиаотын қоры мамыр айының соңына дейін ғана жететінін мәлімдеген.

Айта кетейік, бұған дейін Vereinigung Cockpit кәсіподағы Lufthansa және Eurowings әуе компанияларының ұшқыштарын 13–14 сәуір күндері ереуіл өткізуге шақырғанын жаздық.

Жуырда Lufthansa еншісіндегі CityLine компаниясының жұмысын тоқтатады.