Лувр музейіне заңсыз кірген студент ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Париждегі Лувр музейінің қызметкерлері музей жабылғаннан кейін ішке заңсыз кірген 26 жастағы студентті анықтады, деп хабарлайды Report .

Фото: The Guardian

Полиция жас жігітті 16 қазаннан 17 қазанға қараған түні музейдің техникалық дәліздерінің бірінде жүрген жерінен ұстады. Оқиға орнына келген полиция музейге ешқандай зиян келмегенін анықтады. Алайда күзет дабылы іске қосылмаған.

Алдын ала мәлімет бойынша студент ғимаратқа өртке арналған қосалқы шығу есігі арқылы кірген. Бұған дейін ол музейдің бірнеше басқа кіреберісін суретке түсірген.

Полиция оны бөлімшеге жеткізген. Тексеру барысында оның бұған дейін құқық қорғау органдарының назарына ілікпегені белгілі болды.

Париж прокуратурасының мәліметінше, студентті қамауда ұстауға негіз жоқ. Тергеу жалғасып жатқан кезде ол босатылды.

Айта кетейік, Францияда жаппай тәртіпсіздікке байланысты 400 адам ұсталды. Оқиға кезінде 60 полицей жарақат алды.

Еске салайық, бұған дейін Луврде атышулы ұрлық болып, Наполеонның әшекейлері қолды болған еді. Сол уақытта мұражай шығыны 88 миллион еуроға бағаланған болатын.