Любовь Ковальчук ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Қазақстанның ауыр атлетика чемпионаты жалғасып жатыр. Алтыншы жарыс күні ең әсерлі өнер көрсету әйелдер арасында, 110 кг салмақтан жоғары категорияда өтті.
Қазақстан чемпионы атағын Қарағандылық Любовь Ковальчук жеңіп алды. Ол 260 кг салмақты көтерді.
Күміс жүлдені Қызылордалық Айсамал Сансызбаева алды. Ол 210 кг көтерді. Айсамал 2023 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Қола жүлдені екі спортшы бөлісті: Жетісулық Аида Ибраим және Қызылордалық Динара Қыпшақбай, екеуі де 207 келіні көтерді.
86 келіге дейінгі салмақта Алматылық Сәния Орманбаева жеңіске жетті. Ол екі жаттығу бойынша жалпы 207 келіні көтерді.
Күміс жүлдені Қарағандылық Аиша Омарова иеленді, оның нәтижесі 206 келі.
Үшінші орынға Ақмола облысынан Виктория Новикова ие болды, оның жалпы көтерген салмағы 201 келі.
Айта кетелік Қазақстан ауыр атлетика федерациясы допингке қарсы бақылауды күшейткені туралы жазған едік.