Таеквондодан 63 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Любовь Юн қола жүлдегер атанды.
Отандасымыз алғашқы кездесуінде норвегиялық Сару Наташу Фемер-Педерсенді 2:0 есебімен жеңді. Ширек финалда бразилиялық Рафаэла Мейреллес да Костадан да дәл осындай есеппен басым түсті.
ҚР Спорт комитеті мәліметінше, жартылай финалда қазақстандық спортшы сербиялық Эма Зечировичке қарсы шықты. Тартысты бәсекеде қарсыласы екі раундта 18:4 және 14:4 есебімен жеңіске жетті. Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген екі спортшы да қола медаль иеленеді.
Қазақстан құрамасының таеквондошысы Любовь Юн Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жеткенін жазған едік.