ІІМ: 6 мың есірткі сайты мен 9 мың банк картасы бұғатталды

АСТАНА. KAZINFORM – ІІМ бірінші жартыжылдықтағы есірткі қылмысына қарсы жұмысты қорытындылады.

Фото: Freepik

2024 жылы Ішкі істер министрінің бастамасымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті құрылды. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы қолдады. Республикалық нашақорлыққа қарсы штабтың мәртебесі премьер-министр деңгейіне дейін көтерілді.

— Қабылданған шаралардың арқасында біз маңызды нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінде есірткі қылмысына қарсы күрес мемлекеттік деңгейде 2026-2028 жылдарға арналған үш жылдық кешенді жоспар аясында жүргізілуде. Алғаш рет Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Оның құрамына медиа саласының танымал өкілдері, атақты спортшылар, дін және мәдениет, қоғам қайраткерлері енгізілді. Осындай кеңестер еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Комитет заңнаманы жетілдіруден бастап цифрлық технологияларды дамытуға дейін барлық бағытта жүйелі жұмыс істеп жатыр. Мамыр айында шетелдік әріптестермен бірлесіп, Украина аумағында ірі есірткі call-орталығының қызметі жойылып, 11 күдікті ұсталды. Олар Қазақстан азаматтарын есірткі схемаларына тартумен және оларды заңсыз қызметке жұмылдырумен айналысқан, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов. 

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 7 тоннадан астам есірткі, оның ішінде жарты мың килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

— 15 есірткі зертханасының қызметі жойылып, алты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Оның ішінде біреуі трансұлттық сипатта. Есірткі қылмысының киберкеңістік пен криптовалюта саласына ауысқанын ескере отырып, интернет желісінде жүйелі жұмыс ұйымдастырылды: «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз контенті бар 6 мың сайт бұғатталды; «Антифрод-орталық» арқылы қаржыландыру жүргізілген 9 мың банк картасы бұғатталып, жалпы сомасы 135 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа шектеу қойылды. «Таргетинг-орталығы» құрылды, — деді ол.

Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңды айналымы саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

— Прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, сондай-ақ «дропперлік» қызметтің заңсыз айналымы үшін қатаң жауапкершілік енгізілді. Көршілес мемлекеттердегі әріптестермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейтіп келеміз. Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығының әлеуетін тиімді пайдаланып жатырмыз. Жыл басынан бері шетелдік серіктестермен 20-дан астам кездесу өткізілді. Тиісті өзара іс-қимылды жүзеге асыру үшін барлық қажетті құқықтық база қалыптастырылған. Қазақстан есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы жаһандық үйлестірудің маңызды алаңына айналып отыр. Ақпан айында 15 мемлекеттің өкілдерінің қатысуымен прекурсорлар мәселелері жөніндегі өңірлік жұмыс тобының отырысы өткізілді, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Айта кетелік елордада полиция синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кескен еді