М.Демеуов: Сайлау күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ішкі істер органдары басшыларының жіті бақылауында

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлау күні қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары ішкі істер органдары басшыларының жіті бақылауында тұр. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Демеуов айтты.

«Сайлау заңнамасын бұзу фактілеріне қатысты арыз-шағымдар дереу қаралады. Сайлау заңы бойынша полиция қызметкері дауыс беру орны комиссия төрағасының шақыруымен ғана кіре алады. Егер тәртіп бұзылса, оны қалпына келтірген соң дереу қайтып шығу керек», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін де жіті бақылауға алған. Сайлау комиссияларына қызмет көрсететін автомашиналар мен техника құралдарына толық тексеру жүргізген. Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының жағдайын қадалағау үшін техникалық көмек те көрсетілуде.

«Қазіргі таңда ішкі істер органдарының арнайы мекемелерінде сайлау құқына ие 4 мың адам бар. Біз сайлау комиссияларымен келісіп, олар үшін дауыс беру учаскелерін аштық. Кейбір арнайы мекемелерге дауыс беру жәшіктерін де қойдық. Ішкі істер органдары сайлау өткізу күнінде толық дайын деп айта аламыз. Ал қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жалғаса беретін болады. Бұл мәселелер ішкі істер органдарының басшыларының да бақылауында тұр», - деді М.Демеуов.