— Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ақпарат алмасу және жедел әрекет ету бөлігінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында Ішкі істер министрлігі уәкілетті органдармен, оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетімен меморандумдар мен келісімдер жасасты. Айта кету қажет, ҰҚК мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету және стратегиялық, оның ішінде сыртқы сипаттағы киберқауіптердің алдын алу функцияларына ие. ЖСДП партиясының Мемлекеттік өтемақы қорын құру, жалғыз тұрғын үймен жасалатын мәмілелерді міндетті нотариаттық куәландыру және жылжымайтын мүлік мәмілелерінде күту кезеңін енгізу жөніндегі ұсыныстары зерделеніп, қолдау табуда, — деді министрдің бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, ІІМ аталған салаларда мемлекеттің құқықтық қамтамасыз етуі мен заңнамалық түзетулер енгізу функцияларына ие емес.
— Осыған байланысты бұл мәселелерді уәкілетті органдардың талқылауына шығаруды ұсынамыз. Сонымен қатар ІІМ қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеуге қатысуға дайын. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау, қылмыскерлердің қаржылық инфрақұрылымын анықтау және бұғаттау, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру ІІМ-нің сөзсіз басым бағыттары саналады, — деді Бауыржан Әленов.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылы елімізде 28 мыңға жуық интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді.