ІІМ елордада тұрғын үй қаптамасының құлауы ісіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов елордада тұрғын үй қасбетіндегі кірпіш қаптамасының құлауы ісіне қатысты түсінік берді.
- Екі қылмыстық іс қозғадық. Біріншісі - сапасыз құрылыс, ал екіншісі - қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтерді көрсету. Осының салдарынан фельдшер қайтыс болды. Қазіргі кезде Әділет министрлігі бірқатар сот-медициналық сараптаманы жасап жатыр және олардың нәтижесін күтіп отырмыз. Астана әкімдігі тиісті министрлікпен бірлесіп арнайы тергеу жүргізіп жатыр. Жақын арада осы бойынша актіні аламыз деп ойлаймын, - деді С. Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Кейін ғимарат опырылғанда зардап шеккен фельдшер көз жұмды.
Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 306-бабы (қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша тергеліп жатыр.
Айта кетейік, елордада медициналық колледждегі аудиторияға қаза тапқан фельдшердің есімі беріледі.