Министрліктің мәліметінше, ҰБТ-дан 50 балл жинау — ІІМ-нің жоғары оқу орындарына конкурсқа қатысуға мүмкіндік беретін ең төменгі шек. Алайда бұл көрсеткіш талапкердің автоматты түрде оқуға қабылданатынын білдірмейді.
— Себебі ІІМ оқу орындарына қабылдау конкурс негізінде жүргізіледі. Бұл ретте талапкерлердің ҰБТ нәтижелерімен қатар медициналық, физиологиялық және психофизиологиялық іріктеу нәтижелері де ескеріледі. Одан әрі үміткер белгіленген іріктеу кезеңдерінен өтіп, конкурс нәтижесі бойынша жеткілікті көрсеткіш көрсетуі қажет. Сондықтан ІІМ оқу орнына түсуге ниетті талапкер үшін мақсат тек 50 балл жинау емес, ҰБТ-дан мүмкіндігінше жоғары нәтиже көрсету және белгіленген іріктеу талаптарына сай болу, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Осыған дейін Ішкі істер министрлігі ведомстволық оқу орындарына қабылдау туралы жалған SMS-хабарламалардан сақтандырды.