Ведомство мәліметінше, каникул кезінде интернет пен әлеуметтік желілерде «жеңіл әрі тез табыс» ұсынатын хабарландырулар көбейеді.
Алайда олардың артында есірткі тасымалдау, тарату, насихаттау және жарнамалау сияқты заңсыз әрекеттер жасырынуы мүмкін.
– Бұл жай ғана қауіп емес, бұл – қылмыс. Есірткіге қатысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Ең қатаң жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қарастырылған, – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Оның айтуынша, бір ғана «жеңіл табыс» бүкіл өмірге кері әсер етуі мүмкін.
ІІМ жастарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бірден бас тартуға шақырды.
– Жылдам табыс иллюзиясы үшін өз болашағыңызды қатерге тікпеңіз. Еркіндік ақшадан қымбат, ал болашақ уақытша пайдадан маңызды, – деді Қуандық Әлжанов.
Айта кетейік, Алматыда 20 жастағы курьерден 2,5 келі есірткі тәркіленді.