— Қолданыста бар нәрсені айтар болсақ, Оқу-ағарту министрлігімен бірлескен бұйрық бар. Оған сай, қосымша сабақ ретінде, яғни тәрбие сағаты, ашық сабақ аясында жолда жүру қағидалары үйретіледі. Бұл өте аз, мәселен бастауыш сыныптарда 6, орта сыныптарда 8, жоғары сыныптарда шамамен 10 сағат. Бізде жол апатына жаяу жүргінші ретінде 10-14 жас аралығындағы балалар жиі ұшырайы. Сол үшін ҚР ІІМ Оқу-ағарту министрлігіне жолда жүру қағидаларын міндетті пән ретінде мектеп бағдарламасына қосу туралы ұсыныс жасадық, — деді ол «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында.
Спикердің айтуынша, бұған дейін де мектептерде жолда жүру ережелерін үйретуге, еске салуға арналған бұрыштар, алаңшалар жұмыс істеп келген. Сондай-ақ әр мектепке инспекторлар бекітіліп, жол қауіпсіздігін сақтау негіздерін үйретіп келген.
— Егер ол ұсыныс қабылданса, ІІМ өз тарапынан автомектептер көмегімен әдістемелік құралды дайындап береді. Қазір ол жұмыс аяқталып қалды, тіпті дайын деп те айтуымызға болады. Ол сабақты мектепте кім береді деген сұрақ туады. Кез келген өңірде автомектептер бар, инспекторлар бар. Тиісті шешім шықса, олар барып, сабақты өткізу мәселесі шешімін тауып отыр, — деді Ақтоты Боранбаева.
Айта кетейік, елімізде балалардың жол апатына ұшырау деректері азаймай отыр. Мәселен биылғы 7 айда көлік апатынан 176 бала қайтыс болған.