Мадагаскарда адам саудасымен айналысқан Қытай азаматтары ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Мадагаскар полициясы халықаралық неке арқылы адам саудасымен айналысқан қылмыстық топты әшкерелеп, бірнеше Қытай азаматын ұстады, деп хабарланды Мадагаскардағы Қытай елшілігінің ресми сайтында.
Қытай елшілігі 12 наурыз күні жариялаған мәлімдемеде Мадагаскар полициясының адам саудасы бойынша бірқатар қылмысты ашқаны және қылмысқа қатысы бар Қытай азаматтарын тұтқындағаны айтылған.
Қытай елшілігі заңсыз әрекеттердің кез келген түріне қарсы екенін және Мадагаскар күштік құрылымдарының адам саудасымен күресу мақсатында қолданған шараларын қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, Қытай азаматтарына халықаралық некеге қатысты заң талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Мәлімдемеде айтылғандай, Қытай заңнамасына сәйкес, кез келген неке агенттігі ел азаматтарына шетелдіктермен некеге тұру мақсатында жеңгетайлық қызмет көрсете алмайды. Жеке тұлғалардың алаяқтық жолымен немесе пайда табу мақсатында халықаралық неке делдалдығымен айналысуына да қатаң тыйым салынған.
Сонымен қатар, Қытай елшілігі Мадагаскар заңына сәйкес, шетел азаматтары елге кіргеннен кейін виза санатына сәйкес келмейтін қызметпен айналыса алмайтынын еске салды.
Мадагаскардың визалық жүйесінде «неке қию» мақсатында арнайы виза қарастырылмаған, ал әуежайда рәсімделетін визалар тек туристік мақсатта ғана беріледі.
Осыған орай, Қытай азаматтарына қолындағы визасының санатын және оның қандай мақсатқа сәйкестігін мұқият тексеру, сондай-ақ визаның жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін елден шығу қажеттілігі ескертілді.
Бұған дейін хабарланғандай, Солтүстік Кореяның 20 теңізшісі Қытай аумағында кеме апатынан қаза тапқан.