Ганьнань-Тибет автономиялық округінде орналасқан Лабранг – Қытайдың мемлекет қорғауына алынған аса құнды тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі әрі ұлттық деңгейдегі 4А санатындағы туристік орын саналады. Ол тибет буддизмінің Гелуг дәстүріне жататын алты басты ғибадатхананың қатарында. Лабрангты көпшілік «Тибет ілімінің әлемдік академиясы» деп атайды. Өйткені мұнда ғасырлар бойы тибет буддизмінің діни білім беру дәстүрі үзілмей жалғасып келеді.
Тұтас кешенде буддистік философия, медицина, астрономия, тіл білімі мен діни ілімдер оқытылып, зерттеледі. Бүгінде Лабранг діни орталық қана емес, тибет халқының рухани әрі мәдени мұрасын танытатын маңызды ғылыми-ағартушылық орталыққа айналған.
1709 жылы іргесі қаланған Лабранг бүгінде 82 гектар аумақты алып жатқан ірі діни кешен. Оның құрамына 48 ғибадат залы, жоғары дәрежелі ламаларға арналған 38 резиденция және 500-ден астам монахтар үйі кіреді. Сонымен қатар Лабрангқа қарасты 108 ғибадатхана бар. Лабранг кешенінің сәулетінен тибет пен қытай құрылыс өнерінің дәстүрлері үйлесім тапқан. Зәулім ғимараттар, ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен сәндік безендірулер тибет халқының мәдениеті мен тұрмысын, сондай-ақ буддизмнің ғасырлар бойы қалыптасқан рухани дүниетанымын айшықтайды.
Алайда үш ғасыр бойғы жауын-шашын, жел мен уақыттың салдары Лабранг ғибадатханасын да айналып өтпеді. Көне ғимараттардың кей бөлігі тозып, қабырға фрескалары бүліне бастады, ал инженерлік инфрақұрылым заман талабына сай жаңартуды қажет етті. Осыған байланысты жергілікті билік тарихи-мәдени мұраны сақтау мен қалпына келтіру бойынша ауқымды жобаны қолға алды. Оның басты мақсаты – ғибадатхананың тарихи келбетін барынша бастапқы қалпында сақтап, бірегей мәдени құндылықтарын келер ұрпаққа жеткізу.
Лабрангты қалпына келтіруге жалпы көлемі 305 миллион юань бөлінген. Оның 160 миллионы тарихи ғимараттарды, көне қабырға суреттері мен басқа да мәдени мұраны қалпына келтіруге жұмсалды. Жобаны жергілікті Мәдениет және туризм басқармасы жүзеге асырып отыр. Бүгінде қалпына келтіру жұмыстарының 96% аяқталған.
Қалпына келтіру жұмыстары бірнеше бағытты қамтыды. Мамандар көне ғимараттарды жөндеп, қабырға фрескалары мен сәндік өрнектерді реставрациялады. Оған қоса, өрт қауіпсіздігі күшейтіліп, найзағайдан қорғау жүйесі орнатылды, электр және жарықтандыру желілері жаңартылды, ғибадатхана аумағы толық абаттандырылды. Нәтижесінде Лабрангтың тарихи келбеті мен сәулеттік ерекшелігі сақталып, құнды мәдени мұраның бүліну қаупі азайды. Сонымен бірге ғибадатханада құлшылық етушілер мен келушілер үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалды.
Бүгінде Лабрангта мәдени мұраны сақтау мен туризмді дамыту қатар жүргізіліп келеді. Туристерге қызмет көрсету сапасы жақсарып, басқару және қауіпсіздік жүйелері цифрландырылған.
Бұл тарихи ескерткіштің төл келбетін сақтай отырып, оны қазіргі заман талаптарына бейімдеуге мүмкіндік берді. Лабранг тарихи мұраны сақтау ғылыми реставрациямен, жүйелі мемлекеттік қолдаумен және ұзақ мерзімді жоспарлаумен ұштасқанда ғана нәтиже беретінін көрсетті. Бүгінде үш ғасырлық ғибадатхана тибет халқының рухани өмірі мен мәдениетінің маңызды орталығы ретінде өз қызметін жалғастырып келеді.
Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты нығайтып келеді. Бұған дейін Kazinform тілшісі Ганьнань-Тибет автономиялық округінің туристік әлеуетіне шолу ұсынған еді.