Жоба әртістің Испаниядағы фан-клубы мен La Gran Voz Kazaja қауымдастығының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылды. Фильмнің режиссері — жас испан кинематографисі Давид Кольянтес Родригес.
Көрсетілім Palacio de Hielo кинотеатрында өтіп, 130-дан астам көрермен жинады. Қонақтар қатарында Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің өкілдері, елші Данат Мұсаев бастаған дипломатиялық корпус мүшелері, қазақ диаспорасының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, сондай-ақ жас қазақстандық әнші Жанель Әли болды. Бұған дейін 15 жастағы орындаушы Барселонадағы концерт барысында Димашпен бірге бір сахнада өнер көрсеткен еді. Фильмде финалдық титрларында сүйемелдеумен, оның орындауындағы Te prometo әні шырқалады.
Бұл деректі фильм Испанияда алғаш рет тек әртістің өзіне ғана емес, оның жанкүйерлер қауымдастығына — Dears өкілдеріне арналған киножоба ретінде жарық көрді. Сюжет желісінің негізінде фан-қоғамдастықтың бес мүшесінің оқиғалары жатыр, олар Димаш шығармашылығымен алғаш танысқан сәттері мен фандомның өз өмірлеріндегі маңызы туралы әңгімелейді.
Фильмді түсіру барысында режиссер Испанияның түрлі өңірлерін аралап, картина кейіпкерлерімен кездесіп, қазақстандық әншінің халықаралық жанкүйерлер қауымдастығы феноменін зерттеді.
Жоба авторларының айтуынша, фильмнің басты мақсаты — әлемге «Димаш қозғалысы» деп аталатын құбылысты, яғни әртістің әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарына тигізіп отырған мәдени және эмоциялық ықпалын көрсету.
Премьералық көрсетілім аяқталғаннан кейін қонақтар мен жанкүйерлер мерекелік кешке жиналып, әсерлерімен бөлісіп, фильмнің жарыққа шығуын атап өтті.
Жақын арада деректі фильм Испаниядағы бірқатар ұлттық кинофестивальде көрсетіледі. Фестивальдік прокат аяқталған соң, туындыны ашық онлайн-платформаларда жариялау жоспарлануда. Халықаралық аудитория үшін ағылшын, қазақ, орыс және қытай тілдерінде субтитрлер дайындалады.
Фильм авторлары картина тек Димаштың жанкүйерлерінің ғана емес, қазақстандық әртістің шығармашылығын енді танып жатқан көрермендердің де ықыласына бөленеді деп үміт білдірді.
Айта кетелік Димаш Құдайберген жанкүйерлерін жаңа жобамен қуантқаны туралы жазған едік.