63 жастағы Мадуро мен 69 жастағы Флорес 3 қаңтарда Дональд Трамптың бұйрығымен АҚШ-тың әскери операциясы кезінде Каракастағы үйлерінде ұсталып, есірткі сақтады деген айыппен Нью-Йоркке жеткізілді. Содан бері олар Бруклиндегі тергеу изоляторында қамауда отыр.
Бейсенбі күні Манхэттендегі федералдық сотқа қосымша айыптау қорытындысы ұсынылды. Онда Мадуро мен Флореске тоғыз адамды, соның ішінде АҚШ-тың үш азаматын азаптады деген айып тағылған.
Айыптау қорытындысында 1999-2025 жылдары Венесуэлада мыңдаған адам мемлекеттік органдар тарапынан қудаланып, қамауға алынғаны, азапталып, өлтірілгені айтылған. Мадуро 2013 жылы президент болып сайланғанға дейін өзі де, жұбайы Силия Флорес те оның алдындағы президент Уго Чавестің үкіметінде түрлі қызмет атқарған.
Прокурорлардың мәліметінше, кейбір ұсталғандар электр тогымен азапталып, соққыға жығылған және олардың қол-аяғын байлап, асып қойған.
Тағылған барлық айып бойынша кінәсі дәлелденсе, Мадуро мен жұбайы 50 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Мадуро мен Флорес өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, 2027 жылғы 1 маусымда Нью-Йоркте болатын сотта өз ұстанымдарын қорғауды көздеп отыр.
Бұған дейін Силия Флорестің адвокаттары оны үйқамаққа ауыстыру туралы өтініш беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.
Адвокаттарының айтуынша, Бруклиндегі тергеу изоляторында қамауда отырған Силия Флорес 11 келі салмақ тастаған. Дәрігерлер оған жүрегіне ота жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Сондай-ақ олар Флорестің үнемі басы айналып, әлсіреп, тынысы тарылып жүргенін, шілдеде жүрек талмасына ұшырауы да мүмкін екенін мәлімдеді.
Алайда бейсенбі күні сот Флоресті қамаудан босатып, үйқамаққа ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.
— Флорестің жағдайы 5 қаңтарда сотта алғаш көрген кезімдегіден нашар емес, тіпті денсаулығы сәл де болса жақсарғандай көрінеді, – деді судья.
Бұған дейін Каракаста Мадуроның жақтастары оны елге қайтаруды талап еткені хабарланған болатын.