2024 жылғы су тасқыны кезінде аудан әкімі аппаратында инспектор болып, төтенше жағдайларға жауап берген Аманғос Әлмұхановқа таяуда сот үкімі шықты. Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша айыпты деп танылған сотталушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді. Әрі мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан 2 жылға айырылды.
Сот отырысында Аманғос Әлмұханов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Бөгетті қарау үшін Табантал ауылына барғанымен, шолып қана қарап шыққанын, гидротехниканың жайын бағамдайтын білімі жоқ екенін айтты.
Сот «ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» Заңына сүйеніп, сотталушыны жазадан босатты.
Еске салсақ, бөгет бұзылған кезде Алға ауданының елдімекендері мен Елек және Қарғалы өзендерінің маңындағы бау-бақша ұжымдары су астында қалды. 215 адам, оның ішінде 96 бала қауіпсіздік жерге жеткізілді. Келтірілген шығын 211 млн теңгеден асты.