Біз «Алтын адам» артефактілерін сақтап, елге жеткіздік. Алайда, ол ұрланып кеткен дүние секілді, жағымсыз сипат алып отыр. «Алтын адам» қазір ұлттық музейде тұр. Осындай әрекеттен кейін кім «Алтын адамның» көрмесін өткізгісі келеді? Ешқандай тарап проблемалық тарихы бар көрмені қабылдағысы келмейді
, - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы соттағы соңғы сөзінде.
Ол кез келген жазаны өтеуге дайын екендігін айтты, бірақ орынсыз айыптамауды сұрады.
Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атуға да, тек қаржы ұрлады деп айып тақпаңыздар. Ар бәрінен қымбат. Қазақта мақал бар, «Өлімнен ұят күшті» деген. 60 жасыма дейін өмірдің қызығын да, шыжығын да таттым, бірақ лайықты өмір сүрдім
, - деді А. Мұхамедиұлы.
Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы сот алдындағы соңғы сөзін айтқанын хабарлаған едік.
Еске сала кетейік, өткен жылы мамырда сот санкциясымен сол кездегі Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі музейдің экс-басшысына «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің лауазымды адамдарына және басқа да тұлғаларға бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша айып тағып, тергеп-тексеруді жүргізген еді.
Сот Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа ауыстырудан бас тартты.
Сондай-ақ, Арыстанбек Мұхамедиұлы мен сыбайластарына қандай айып тағылғанын жазған болатынбыз.
Кезекті сот отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кінәсін мойындамайтынын айтты. https://kaz.inform.kz/news/arystanbek-muhamediuly-sotta-kinasin-moyyndamady_a4057776
Ал, Антикор «Дипломат» қонақүйіне қатысты Арыстанбек Мұхамадиұлын тергеу аяқталғанын хабарлаған еді.