Маған ешкім ештеңе істей алмайды: Алматыда заңға бағынбаған жүргізуші әйел жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматыда әлеуметтік желіде жол ережесін бұзғанын көрсетіп, заң талаптарына бағынбайтынын мәлімдеген жүргізуші әйел жауапқа тартылды, деп хабарлады Polisia.kz.

Фото: Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған видеоның авторын анықтаған. Бейнежазбада әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және бұл талапты орындаудан ашық бас тартқаны байқалады.

Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырған.

– Полицияның ұстанымы айқын: заң алдында бәрі тең. Ешқандай таныстық та, байланыс та, орынсыз мәлімдеме де заң талаптарын бұзуға негіз бола алмайды. Өзін заңнан жоғары санап, белгіленген талаптарды елемеуге ешкімнің құқығы жоқ. Заң бәріне ортақ, ал оны бұзған адам жауапкершіліктен жалтара алмайды, – делінген полиция ақпаратында.

Әйелге қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар рәсімделді. Атап айтқанда, көлік басқару құқығынан айырылғаннан кейін рөлге отыру, қауіпсіздік белдігін тақпау, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату деректері тіркелген.

Жинақталған материалдар сотқа жолданып, автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Сонымен қатар көлік жүргізу құқығынан айырылған адамға автокөлігін берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда жол ережелерін өрескел бұзған жүргізуші 30 тәулікке қамалып, 100 АЕК көлемінде айыппұл арқалаған болатын.