Magnum-ның Өскемендегі супермаркеті мерзімі өткен тауарлар сатып келген — «Жаңа адамдар»
АСТАНА. KAZINFORM — «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы Өскемендегі «Magnum» супермаркеті мерзімі өткен тауар сатып жатқанын әшкереледі.
— «Время истекло» азаматтық науқаны аясындағы рейд кезінде Өскемендегі Жеңіс көшесі, 10 үйде орналасқан Magnum супермаркеті мерзімі өткен тауар сатқаны анықталды. Белсенділер бірнеше арба бұзылған өнім тапты. Көптеген тауардың жарамдылық мерзімі бір жылдан асып кеткен. Барлық заң бұзу фактілері тіркеліп, супермаркетке ескерту жасалды, басшылық жағдайды түзетуге уәде берген, — деп жазады қозғалыстың баспасөз қызметі.
Бірақ дүкен басшылығы уәдесінде тұрмағанға ұқсайды.
— Алайда бір ай өткен соң жағдай өзгермеді. Қайта барғанда да мерзімі өткен тауарлар сөреден табылды. Керісінше мерзімі өткен тауар арта түскен. Оның ішінде ет пен сүт өнімдері де бар. «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері Magnum-ның мерзімі өткен өнімдерін үш бөшкеге салып, «Magnum мерзімі өткен тауар сатады», «Бұл қоқыс — сіздерге сатпақ болған өнім» деген жазуы бар көлікке тиеп, қаланы түгел аралап шықты. Осыдан кейін тауарды дүкенге қайта өткізді. Осы кезде Magnum-ның Өскемендегі сауда желісіне жауапты директор дүкенге келді. Ол белсенділермен бірге сөрелердегі мерзімі өткен тауардың мөлшері көп екеніне көз жеткізіп, сол жерде есептен шығарып, жоюға жіберді. Директор Magnum дүкендерінде мұндай жағдай қайталанбайтынын айтып, уәде берді, — дейді қозғалыс өкілі Әмина Аманбаева.
«Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері тұтынушыларды дүкендерде мерзімі өткен өнім кездессе, суретке түсіріп, қоғамдық қозғалыстың әлеуметтік желідегі байланыс арналарына жіберуге шақырады.
Бұған дейін «Жаңа адамдар» қозғалысы астаналық клиникадағы жалған анықтама сату дерегін әшкерелеген еді.