Макрон жаппай наразылықтан кейін француз халқына үндеу жасайды

АСТАНА. KAZINFORM — Франция президенті Эмманюэль Макрон бүгін, 18 қазанда, Париж уақыты бойынша сағат 20:00-де халыққа үндеу жасайды. Оның мәлімдемесі елдің көптеген қаласында жаппай наразылық акциялары өткеннен кейінгі күні жарияланбақ, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: видеодан алынған скрин

17 қазанда Францияның түкпір-түкпірінде «Сары кеудешелілер» қозғалысының, жоғары сынып оқушыларының, студенттердің, фермерлер мен кәсіподақтардың қатысуымен наразылық акциясы өтті.

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шерулерге шамамен 550 мың адам қатысқан. Оның 110 мыңға жуығы Парижде болған. Ал кәсіподақтардың, соның ішінде Жалпы еңбек конфедерациясының (КЖК) өкілдері қатысушылар саны 800 мыңға жеткенін мәлімдеді.

Сенбі күні кешке Эмманюэль Макрон әлеуметтік желідегі парақшасында «Республикада зорлық-зомбылыққа орын жоқ» деп жазды. Ол префектура ғимараттарын, дүкендер мен әкімдіктерді бүлдірген тәртіпсіздікке қатысушылардың жауапкершілікке тартылатынын айтып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қолдау білдірді.

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню зорлық-зомбылық деңгейін «өте жоғары» деп бағалап, билік «өзін қорқытуға жол бермейтінін» мәлімдеді.

Жексенбі күні түстен кейін Макрон премьер-министрмен және тиісті министрлермен кеңес өткізеді. Осыдан кейін француз халқына үндеу жасайды.

Наразылықтар Эмманюэль Макронның президент ретіндегі екінші мерзімінің аяқталуы және 2027 жылғы 18 сәуірге белгіленген президент сайлауы қарсаңында өтіп жатыр.

Бұған дейін Париж полициясы 17 қазандағы наразылық акцияларына қатысқан 855 адамның ұсталғанын хабарлаған еді. Франция полициясы ұсталғандар саны рекордтық көрсеткішке жеткенін мәлімдеді.

Айта кетелік Париж көшелерін тазалауға коммуналдық қызметкерлер үш есе көп жұмылдырылды.