Париж көшелерін тазалауға коммуналдық қызметкерлер үш есе көп жұмылдырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Франция астанасында жаппай тәртіпсіздіктерден кейін келесі күні қалалық коммуналдық қызметтер көшелерді тазарту жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Париж көшелерін тазалауға коммуналдық қызметкерлер үш есе көп жұмылдырылды
Фото: RLT

Франция астанасының көшелерін ауқымды тазарту жұмыстары жексенбі күні таңертең ерте басталды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, түнгі сағат үштен бастап қалада тазалық қызметінің мыңнан астам қызметкері жұмысқа кіріскен. Бұл әдеттегі демалыс күндеріндегі көрсеткіштен үш есе көп.

Олар жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазалап, қирандылар мен қоқыстарды жинап, сондай-ақ ең көп зардап шеккен аумақтардың, әсіресе Республика алаңы маңының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр. Қалыпты өмірді мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін күшейтілген топтар аудан әкімдерімен бірлесіп жұмыс істеуде.

Париж қалалық әкімдігі бір күн бұрын болған қирату әрекеттері мен талқандауларды қатаң айыптап, аса күрделі жағдайда жұмыс істеп жатқан қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Париж мэрі Эмманюэль Грегуардың айтуынша, «тұтас көшелер жүйелі түрде талқандалған». Ол келтірілген шығынның ауқымы орасан зор болатынын мәлімдеді.

Париж полиция префектурасының мәліметінше, 17 қазандағы оқиғалар кезінде елордада 855 адам ұсталған. Бұл — рекордтық көрсеткіш. Құқық қорғау органдарының 13 қызметкері мен екі өрт сөндіруші зардап шеккен.

Бұған дейін Франция премьер-министрі Париждегі жаппай қиратулардың ауқымы туралы айтқан болатын.

Айта кетелік Макрон Франциядағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқандарды жазалауға уәде берген еді.