Елдің Білім министрлігі мәліметінше, ауа сапасының индексі (API) 180 көрсеткішінен асқан аудандардағы мектептер 10 қазаннан бастап жабылған.
Ал ауа сапасының индексі үш күн қатарынан 150-ден жоғары болған өңірлерде оқу орындары 12 қазаннан бастап жұмысын уақытша тоқтатады.
Ұлттық мониторинг жүйесінің дерегіне сәйкес, Малайзия түбегінің басым бөлігінде ауаның ластану деңгейі адам денсаулығына зиянды көрсеткішке жеткен. Әсіресе елдің батыс жағалауындағы Селангор, Джохор және Негери-Сембилан штаттарында жағдай күрделі.
– Ауа сапасының индексі 0-ден 50-ге дейін болса, жақсы, 51-ден 100-ге дейін орташа деп есептеледі. 101-ден 200-ге дейінгі көрсеткіш денсаулыққа зиянды, 201-ден 300-ге дейін өте зиянды, ал 301-ден жоғары көрсеткіш қауіпті саналады, – деп түсіндірді жауапты ведомство.
Мамандардың мәліметінше, елдегі қалың түтінге Индонезия аумағындағы орман және шымтезек өрттері себеп болған.
Айта кетейік, бұған дейін Малайзияның Борнео аралындағы Сериан қаласында ауа сапасының индексі 521-ге жетіп, қауіпті түтін салдарынан төтенше жағдай жарияланған болатын.