Мальдив аралдары туристік декларацияны толтыру тәртібін өзгертті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 9 қарашадан бастап Мальдив аралдарында міндетті туристік IMUGA декларациясын рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді саяхатшылар электронды пошта мекенжайын бір реттік код арқылы растауы керек, деп хабарлайды Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

Фото: IM Maldives

Басылым Ресей туроператорлары қауымдастығына сілтеме жасап, жаңа талап барлық шетелдік туристке, соның ішінде балаларға да қатысты екенін хабарлады.

Декларацияны толтыру үшін IMUGA ресми сайтына кіріп, қолданыстағы электронды пошта мекенжайын көрсету қажет. Одан кейін поштаға келген бір реттік растау кодын жүйеге енгізу керек. Осыдан соң турист қажетті мәліметтерді толтырып, сауалнаманы жібере алады.

Декларацияны Мальдив аралдарына келмей тұрып, 96 сағат ішінде толтыру қажет. Бұл рәсім бұрынғыдай тегін.

Нәрестелер үшін декларация толтырған кезде ата-аналар өздерінің электронды пошта мекенжайын пайдалана алады. Сауалнаманы жібергеннен кейін саяхатшыларға берілген QR-кодты сақтап қою қажет.

Жаңартылған жүйеде сауалнаманы толтыру кезінде отбасы мүшелерін немесе топтағы басқа адамдарды қосу мүмкіндігі пайда болды. Алайда әр турист үшін жеке декларация толтыру талабы сақталады.

Мальдив аралдарынан қайтар кезде декларацияны қайта толтырудың қажеті жоқ.

Құжатты Мальдив иммиграциялық қызметінің ресми порталында рәсімдеуге болады.

Еске салайық, бұған дейін Мальдив парламенті шетелдік туроператорларды, туристік агенттіктерді және онлайн брондау платформаларын Мальдивтің ішкі кіріс басқармасында (MIRA) тіркелуге және туристік тауарлар мен қызметтер салығын (TGST) төлеуге міндеттейтін заң жобасын қабылдағанын хабарлаған едік.