Мамамды қатты сағынып жүрмін - Димаш Құдайберген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қытайда жүрген әнші Димаш Құдайберген әжесі Миуа Низамутдиноваға сағынышын жеткізіп, аналар мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбеге осы жылдың қаңтар айында келіп, бір апта демалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеге келген кезде ұстаздарына барды, білім алған Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде болды. Ал бүгін ол анасын сағынғанын айтып, жылы лебізін білдірген.

«Мамамды қатты сағынып жүрмін. Ақтөбеде күн жылы сияқты, мамам - бақшасында. «Ананың ойы ұяда, баланың ойы қияда» деп халық қалып айтпаған деп білемін. ...Бала кезде достарыммен бірге ойнап келуге сұрану үшін аулада өсіп тұрған көкөністер мен жемістерге су құйып, ресми тұрғыда үйдегі «boss» папамызға, сонан соң мамамызға көрсетіп барып кететінбіз... Мамам үйдің қасында достарыммен футбол ойнап жүрген мені «сабағыңа дайындал» деп шақыратын. Халық даналығы - «Ананың алақаны балаға айдынды қоныс». Кезінде мамамыз сабақ беріп, қызмет жасаған кезде өңірдегі танымал, ізденімпаз мұғалімдердің бірі болған. «Учитель методист» деген бірнеше белгілері де бар. Мансабы өрлеп тұрған шағында мен дүниеге келдім. Сол кезде ағатайым мен Света апамның, менің болашағым үшін отбасымызбен Ембі елді мекенінен Ақтөбе қаласына көшіп, 47 жасында барлық жұмысын мені бағу үшін тастаған болатын. Бес жасымнан музыка мектебіне апарды. Мамамның бізге сіңірген еңбектері туралы жазатын болсам, пост емес, кітап жазу керек болатын шығар. Мен үшін əлемдегі ең дана, ең сұлу, ең дара адам - ол менің анам. Мерекеңізбен, жаным мама...»,- деп жазды Димаш Құдайберген Инстаграм парақшасында. 

Айта кетейік, әнші таяуда ғана Канн фестиваліне қатысып, қызыл кілеммен жүріп өтті. Қазақстан павльонының ашылуына қатысып, өнер көрсетті. Еске салсақ, Димаш Құдайберген маусымда туған жері Ақтөбеге келеді. Ол «Бақытты бала» фестивалінің гала концертінде ән шырқайды.