Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин құрылыс жұмыстарын қарап, су тасқынының алдын алу шараларымен танысты.
Ақтөбе қаласындағы су тасқыны кезінде зардап шеккендер шаһар маңындағы Өрлеу, Қызылжар, Қурайлы, Сазды ауылдарында үй салып жатыр. Мемлекет жер бөліп, қажетті инженерлік желілерді коммуналдық мекемелер өз есебінен жеткізіп берді. Сонымен қатар, үй салып жатқан отбасының әрқайсысына «Қолқанат Ақтөбе» қайырымдылық қоры арқылы 1 миллион теңге бөлінді. Бұл ақша құрылыс материалдары мен құрылыс жұмыстарына жұмсалады.
«Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, мүгедек отбасыларға кәсіпкерлер көмектесіп жатыр. Мәселен, «Ақбұлақ» АҚ, «Трансэнерго» АҚ секілді ірі компаниялар өз қызметкерлеріне көмектесті. «Қолғанат Ақтөбе» қорынан берілген ақшаны зардап шеккендердің қолына ұстатпаймыз. Себебі адамдар басқа қажеттіліктеріне жұмсап, баспанасыз қалуы мүмкін. Қайырымдылық қорына барлығы 200 миллион теңгеге жуық қаржы түсті. Көмек берген қазақстандықтарға алғыс айтамыз»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 900-ден астам үйді су басты. Оның 390-ы жарамсыз, адам тұруға болмайды деген шешім шығарылған. Өңір басшысы Б.Сапарбаев әр аудан әкіміне тапсырма беріп, кем дегенде бір отбасыға пәтер алып беруді міндеттеді. Ірі кәсіпорындар да қайырымды істен шет қалған жоқ. Су тасқыны кезінде зардап шеккен 20 отбасы қазір осы жолмен жеке баспаналы болды. Зардап шеккендерге арнап өңірде тұрғын үй де салынады. Пәтер несиеге беріледі.
«Елек және Қарғалы өзендерінің табаны 30-40 жыл бойы тазартылмаған. Тағы 7 шағын өзеннің арнасы да тазармады. Су тасқынының бір себебі осы. Көктемгі оқиға қайталанбас үшін өзен арнасын тазарту керек. Есеп бойынша 3,5 миллиард теңге қажет екен. Жобалық-сметалық құжаты 1 қыркүйекте дайын болады»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев. Жұмыс ауқымына бақылаған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин министрлік пен әкімдікке бірлесе жұмыс істеуге тапсырма берді. Қалада төтенше жағдай жарияланғандықтан, оның зардабымен күрес жұмыстары кезінде Үкімет көмектесетін болды.