Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын (D және E деңгейлері) азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлеу міндеттемесі жергілікті бюджеттерге жүктелді.
— 2026 жылы 1 қаңтардан тіркелген жұмыссыздар мен D және E санатындағы азаматтар үшін жарналар белгіленген тәртіппен жергілікті бюджеттен төленетін болды. Бұл мақсаттағы жалпы сипаттағы трансферт жыл сайын 30 млрд теңгеден көзделген. Нәтижесінде, жүйеге қосымша 1 млн-нан астам адам тартылды. Оның ішінде D және E санатындағы 815 мың адам бар, — деді Т. Сұлтанғазиев.
Оның айтуынша, биылғы жеті айда осы санаттағы 191 мың адам 22 млрд теңгеге медициналық көмек алған.
— Сонымен қатар, 2,8 млн-ға жуық адам қазірдің өзінде МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр, — деді ол.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 2027 жылдан бастап мемлекеттік жарна мөлшерлемесі 2 пайыздан 2,2 пайызға дейін артады және 2037 жылға қарай біртіндеп 4,7 пайызға жетеді. Келесі жылы қосымша 67 миллиард теңге түседі деп ескерілген.
Бұған дейін хабарланғандай, МӘМС жүйесінде қаржылық бақылаудың жаңа моделі енгізілді.