Маңғыстау әкімі кадр мәселесіне қатысты: кейбіріне «кет» деп айтуға тура келді

Фото: Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысына Нұрдәулет Қилыбай әкім болып тағайындалғаннан кейін орынбасарларының көбі қызметтен кетті. Оның үстіне қазір біраз басқармада басшы жоқ.

Маңғыстауда кадр жоқ па әлде әкімнің талабынан шығу қиын ба? Бұл сұрақты Нұрдәулет Қилыбайдың өзінен сұраған едік.

— Жасырмаймын, кейбір әріптестерімізге кет деп айтуға тура келді. Себебі Президент тапсырмаларының уақтылы орындалмауы кесірінен. Бұл проблема бірнеше жылға созылып келе жатыр. Сондықтан кейбір әріптестерімізді ауыстыруға мәжбүр болдық. Кейбіреулері жұмыстан өздері кетеміз деді, кетем деген адамды қалай ұстап қаласың? Келісім беруге тура келді, — деді Нұрдәулет Қилыбай өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Облыс басшысының айтуынша, қазір үш басқарма басшысының орны бос тұр. 

— Қазір келетін басқарма басшыларына талап күшейді. Жеке сапа бойынша емтихан тапсырады, кейбір адамдар өте алмай жатыр, кейбірі өтіп жатыр. Тағы бір жайт, басқарма басшыларының мамандығы дәлме дәл болу талабы бар. Мысалы, табиғи ресурстар басқармасына басшы болып келу үшін мамандығы міндетті түрде эколог болуы тиіс. Қазір біз іріктеу барысындамыз, конкурсқа қатысып, өтем деген адамға есігіміз ашық. Тағы да айта кетейін, кет, орынды босат деп айтуға тура келді, көпшілігі өзінің еркімен арыздарын жазып кетіп қалды. Мен талапшылмын ба, әлде талапшыл емеспін бе білмеймін, қарамағымдағы кісілер айтатын шығар, — деп толықтырды өңір әкімі.

Жақында белгілі болғандай Ақтауда президенттің бұрынғы резиденциясының орнына мешіт пен стадион салынады.