Маңғыстау облысында мұнай нысандарынан жабдық ұрлаған күдікті ұсталды

АҚТАУ. KAZINFORM – Жаңаөзенде мұнай-газ кәсіпорнының өндірістік нысандарынан жабдық ұрлады деген күдікпен ер адам ұсталды. Күдікті «Металл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған.

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Полицияға Теңге ауылындағы ұңғымалардың бірінен екі шиберлі ысырманың ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Ұрланған жабдықтың жалпы құны 1,5 млн теңгеден асады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Тексеру барысында оның кәсіпорын мүлкін ұрлаудың тағы бірнеше дерегіне қатысы болуы мүмкін екені белгілі болған.

-Жалпы алты ұрлық дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы («Ұрлық») бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ұрланған жабдықтардың орналасқан жерін анықтау және қылмысқа басқа адамдардың қатысы бар-жоғын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін, Ақтаулық сарбаздан әскери бөлімдегі ұрып-соғуға қатысты шағым түскен болатын.